Археологиялық деректерге сүйенсек Х–XII ғасырлар аралығында Қазақстанның
оңтүстік өңірінде орналасқан ортағасырлық қалаларда айтарлықтай урбанистік күрделі
өзгерістер орын алды. Бұл кезеңде қалалардың ішкі құрылымдары күрделене түсіп,
аумағы кеңейе бастады. Аталған өзгерістер IX–XII ғасырлар аралығында өндіргіш
күштердің жоғары қарқынмен дамуына тікелей байланысты болды.
Қазақстан аумағында саяси үстемдікке ие болған Қарахан мемлекеті тұсында
қалаларда қоғамдық және діни мақсаттағы, яғни, мешіттер, моншалар, ақсүйектерге арналған
резиденциялар сынды құрылыстар қарқынды түрде бой көтеріп, су құбырлары және канализация
салынып қаланың инфрақұрылымында айтарлықтай өзгерістер пайда болды.
Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысын салуда да маңызды өзгерістер орын алды. Қала
тұрғындары арасында анфиладалық және крест тәрізді үлгідегі тұрғын үйлер кең
тарала бастады. Бұл үйлердің ішкі бөлмелеріне де өзгерістер еңгізіліп, белгілі
бір бөлігінде сыпалар жасалды.
Бұл өзгерістер ортағасырда урбанизация процесінің жанданғанын және
аймақтың мәдени-экономикалық дамуының жоғары деңгейде болғанын аңғартады.