Қазақ халық өнерінің жете дамыған түрлерінің
бірі – зергерлік өнер ұлттық мәдениетіміздің тарихында ерекше орын алады. Бұл
өнердің пайда болу тарихы ертерек, өйткені көне замандарда Қазақстан
территориясында алтын, күміс, мыс, қалайы, қорғасын, тағы басқа металдар
өндірілгені анық. Соларды соғу, құю, қалыпқа салу арқылы еңбек құралдары,
әшекей заттар мен әр түрлі бұйымдар жасалғандығы дәлелді.
Қолөнер саласының көне заманнан кележатқан
түрі зергерлік өнер ерекше маңызға ие.
Неолит заманынан бастап адамдар сүйек, ұлутастан жасалған түрлі алка,
білезіктер таккан. Сәндік үшін тағылатын әшекей бұйымдар киім-кешектің
талғамдық тартымдылығын арттырумен қоса, адамға игі әсер ететін айрықша
магиялық қасиетке ие деген наным-сенімге байланысты да пайдаланылған. Ер
адамдар күшін, батырлығын көрсету үшін өзі аулаған аңдардың сүйектерін,
тістерін әшекей ретінде пайдаланған. Бұл оларды топ арасынан ерекешелеп тұратын
белгі болған.
Зерттеушілер зергерлік бұйымдардың сәндік
рөлі уақыт өте келе алдыңғы орынға шыға бастап, тіл-көзден, бәле-жаладан қорғау
қызметі өзінің мәнін сақтағанымен, екінші кезекке ысырылғандығын айтады.
Кейінірек жер қойнауындағы түсті және бағалы металдарды өңдеудің шығуына
байланысты тұмар қызметін атқаратын бұйымдар мыстан, күміс пен алтыннан,
темірден күміспен күптеліп, алтынмен апталып соғылатын және асыл тастармен
безендірілетін болды. Қола дәуірінде, б.з.д ІІ мыңжылдықта алтыннан, күмістен
құю, керту (күптеу), соғу, шеку, оймалау, зерлеу, қарайту, қақтау, қаптау,
аптау, шиыршық темірден торлау сияқты зергерлік әшекейлер жасау тәсілдері сол
кездің өзінде пайда болуымен қатар, зергерлік бұйымдардың әртүрлі жиынтығы
қалыптасты. Ал ежелгі темір дәуірі аң-құс тектес өрнектер салу стилінің дамуы,
зергерлердің асыл тастарды, көбінесе алтын мен күмісті кеңінен пайдалану,
шекімелеу, оймыштау, бедер суреттер түсіру, зерлеу, асыл тастарды қондыру,
алтын жалату, сондай-ақ әшекейлердің ортасына, жиектеріне түрлі-түсті тастарды
қондыру секілді өнердің күрделі техникалық тәсілдерін меңгерумен ерекшеленеді.
Зерттеушілер зергерлік бұйымдардың сәндік рөлі уақыт өте келе алдыңғы
орынға шыға бастап, тіл-көзден, бәле-жаладан қорғау қызметі өзінің мәнін
сақтағанымен, екінші кезекке ысырылғандығын айтады.
Темірді өңдеп тұрмыс қажетіне жарату ежелден
келе жатқан кәсіптердің бірі. Түркі тілдес халықтардың арасында ертеден тылсым
күш иелері деген пікір қалыптастырып, темірден түйін түйген ұсталар халық
ішінде үлкен кұрметке ие болған. Олар ұста, дархан, шебер деген атпен аталған.
Темір ұсталары темір өңдеудің тәсілдерінің
кейбір құпияларын сақтай отырып, оны ұрпақтан-ұрпаққа мұра есебінде қалдырып
отырды. Ұсташылықпен ер кісілер айналысу шарт болды. Темірді ыстық күйінде
илеу, қорытылған темірді қалыпқа құю, бір-біріне дәнекерлеу сияқты тәсілдердің
өзіндік қыр-сырын меңгертті.
Ел аузында
«дүкен» деп айтылатын ұстаханалар әдетте үйдің ауласында арнайы салынды, кейде
ескі киіз үйді де ұстахана ретінде пайдаланылды. Ұстаханаларда темірді қыздыруға арналған арнайы пеш құрылып, көрік
орнатылды. Үлкен төс темір, әр түрлі көлемдегі балғалар, қысқаштар, шапқы,
тескі, т.б. құралдар кеңінен пайдаланылды.
Темір ұсталарының пайдаланылатын құралдары үлкен, ауыр, орнықты болады.
Сондай- ақ шеберлер өздеріне қажетті құрал-саймандарының көпшілігін өздері
жасап алып отырды. Темір ұсталары өзінің жасайтын бұйымдарын негізгі шаруашылық
мал шаруашылығы мен егіншілікке байланысты жасады. Сондай-ақ халықтың алдын-ала
тапсырысына байланысты тұрмысқа қажетті түрлі бұйымдарды жасап отырған.