Этнография залы қазақ халқының көшпелі жəне отырықшы мəдениетіндегі тұрмыс-тіршілігін заттай дəйектемелер арқылы көрнекті насихаттауға арналған. Залдың негізгі мəтіні ең алғаш 1982 жылы жазылып, тақырыптық экспозициялық жоспары жасалған болатын. Жоспарды мемлекет жəне қоғам қайраткері Өзбекəлі Жəнібеков, академик, əдебиеттанушы ғалым Рахманқұл Бердібайұлы, тарих ғылымдарының докторы, этнограф-ғалым Халел Арғынбайұлы, фарабитанушы Ағжан Машанов т.б. ғалымдар жасады. Мұнда ұлтымыздың дəстүрлі мəдениетінің даму биігіне көтерілген кезеңі ХVІІІ–ХХғғ. тəн халықтың тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы, қолөнері мен мəдениеті, білім беру, аңшылық пен саятшылық т.б. кең түрде көрсетілген.
Адамзат өмірінде ежелден келе жатқан кəсіптердің бірі - мал шаруашылығы. Бұл кəсіп көшпелі халықтың күнкөріс тірішілігінде маңызды рөл атқарған. Сондықтан экспозиция залы Сырдың орта ағысын мекендеген қазақтардың мал шаруашылығынан басталған. Мұнда төрт түлікті қолда ұстап пайдалануға қажетті құралдар - ат əбзелдері, бота кебеже, өрме шідерлер, көген, кісен, сонымен бірге, мал жүнін тұрмыста пайдалану үшін өңдеу тəсілдері, киіз басу, арқан есу, кілем мен алаша тоқу өнері көрсетілген.
Экспозициядағы халқымыздың көшпелі мəдениетінде киелі де қасиетті саналатын киіз үйінің дəстүрлі жабдықталған ішкі көріністері көрерменнің назарын өзіне бірден аударады. Мұнда баспананың асханалық-шаруашылық бөлігі жəне төр, яғни қонақ бөліктері, жеке-жеке ашып көрсетілген. Асханалық-шаруашылық бөлігінде сықырлауық есіктен ішке кіргендегі оң жақта үйдегі əйел адам тұтынатын асханалық бұйымдар орналасса, сыртқа шығардағы оң жақта ер адамның қару - жарақ , ер тұрман, т.б. шаруашылық бұйымдары орналасқан. Бұл халқымызда əйел үйдің, ер түздің адамы дегенді білдіреді. Əрқашан қонағын қастерлеп төрін ұсынған халқымыз үйдің төрін де ерекше эстетикалық мəн-мағынада жабдықтап отырған. Мұнда төселген сырмақтар мен керегеде тұтылған тұс киіздер, төрдегі сүйекпен өрнектелген кебеже, сандықтар, төсекағаш, күмістелген өрнекті адалбақан, шаңырақтан түсірілген шашақбау салмалар, басқұрлар, басқа да осылар сияқты үй жиһаздарының жарасымды орналасуы ата-бабаларымыздың тұрмысында əрбір нəрсеге аса мəн беріп қарағанын аңғартады.
Ұлттық қолөнер тарихында өзіндік ерекше орны бар, бір-біріне жақын - зергерлік жəне темір ұсташылығы. Бұл
өнерлердің пайда болу тарихы ертерек, өйткені көне замандарда Қазақстан территориясында алтын, күміс, мыс, қалайы, қорғасын, тағы басқа металдар өндірілгені анық. Соларды соғу, құю, қалыпқа салу арқылы еңбек құралдары, əшекей заттар мен əртүрлі бұйымдар жасалғандығын археологиялық зерттеу нəтижелері дəлелдеп берді.
Осыған байланысты экспозицияда ХІХ-ХХ ғасырлардағы Отырар өңірінің ұста-зергерлері Тегіс ұста, Тегісұлы Арын, Сыздық Ұста, Сыздықұлы Надайымбек, Шəмші Қалдаяқовтың əкесі Қалдаяқ (Əнапия) ұсталардың, сондай-ақ, сол ұсталардан тəлім алған ұста-зергерлердің тұтынған құрал-саймандары мен металды көркемдік өңдеудің əртүрлі техникалық əдістерін (соғу, құю, басу, қалыптау, оюлау,қара жүргізу, эмальмен əсемдеу, заттың жиегін айнала өрнектеу, зерлеу, темірге күміс қақтау, алтын жалату т.б. бірнеше тəсілдерді) қолдана отырып жасаған түрлі зергерлік бұйымдары жəне қарапайым тұрмыстық заттар топтамалары көрерменді таң қалдырары анық. сонымен қатар мұнда зергерлік және темір ұстаханаларының диарамалары жасалған.
Экспозицияның келесі бөлімі - ХІХ-ХХ ғасырлардағы білім беру, яғни сауат ашуға арналған. Мұнда ХХ ғасырдың
І -жартысында осы өңірде болған «Сарыкөл» , «Шілік» медреселері, онда дəріс берген ұстаздар мен білім алған шəкірттер жайында мəліметтер берілген. Сонымен бірге сауатты кісілердің оқып халыққа тəлім берген түркі, араб, парсы тілдеріндегі əдебиеттер, қолжазба қисса-дастандардың түпнұсқалары көрсетілген.
Сырдың орта ағысын мекендеген халықтар ежелден Сырдария мен Арыс өзендерін бойлай қоныстанып, диқаншылықпен айналысқаны белгілі. Ортағасырларда мұнда негізгі егілген дақылдар - мақта, бидай, тары, қауын, қарбыз болғанын археологиялық зерттеулер нəтижесінде дəлелденген. Ал ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысында мұнда дəнді дақылдар - тары, бидай, арпа мен жүгері, күнжіт егу басым болды.
Экспозицияда диқаншылық құралдары жерағаш (соқа), доңғалақты темір соқа, ағаштан жасалған күрек, айыр т.б жəне май сығу құралы жуаздың толық құрылымы түпнұсқа негізде көпшілікке ұсынылған.
Этнографиялық экспозиция залын қазақтын саятшылық өнері мен аңшылық және балық аулау кəсібі қорытындылап тұр. Мұнда көрермен өңірдегі саятшылардың қыран баптап, құс салуда қолданылған күмістелген тұғыр, жығауыл, балдақ, биялай, жемаяқ т.б бұйымдары, аңшылардың білтелі мылтығы мен қасқыр қақпаны, дабыл, балықшылардың жайын қармақтары мен шанышқылары жəне қайық пен ау сияқты жəдігерлермен танысып тарихи мəліметтер ала алады.