Отырар қалажұрты Орта Азия және
Қазақстанның өзге өңірлерінде орналасқан өзге қалалар тәрізді кухендиз
(цитадель), медина (шахристан) және рабад бөліктерінен тұрады. Қазіргі таңда
Отырардан әр кезеңде салынған төрт қатар бекініс орны анықталып отыр. Қаланың
рабад бөлігін қоршаған сыртқы екі қабырға қалдықтары қалажұртының
солтүстік-батысы мен батысында ғана сақталған.
Отырардың шахристан бөлігі
жоспарда бес бұрышты төбе түрінде сақталған. Жалпы, қаланың негізгі бөлігі
болып табылатын шахристан өте берік қорғанмен қоршалған. Қазіргі таңда
шахристан қабырғасының оңтүстік-батыс бөлігі толығымен аршылып, реконструкция
жасалған.
Жалпы қаланың қорғаныс жүйесіне
жүргізілген зерттеу жұмысы нәтижесінде әр кезеңде салынған қабырға қалдықтары
анықталды.
VIII-IX ғғ. жататын қабырға
пахсадан, арасына жүйелі түрде кесек салып, тұрғызылған. Ішкі жағынан кірпіш
қаланып 0,4 м-ге қалыңдатылған. Сыртқы жағынан
пахсамен қалыңдығы 0,7 м «көйлек» не «берма» құйылған. Қаланың қабырғалары, әдетте, бір
кезеңде тұрғызылып не жөнделетінін ескеріп, жоғарыдағы солтүстік кесікте
анықталған қабырғаны да VIII- IX ғғ. жатқызылды.
VIII-ІХ ғғ. қабырғасының сыртынан
Х ғ. пахсадан жаңа қабырға тұрғызылып, қамал қорғанысы күшейтілген. Қарахандар
кезінде қабырғаға біршама жөндеу жұмыстары жүргізілген болуы мүмкін. Жөндеу
кезінде пахса үстінен кесек қаланған, екі қабырға арасы бос топырақпен
толтырылып, қамал ауданы едәуір кеңейтілген.
ХІІІ ғ. басында қамалдың бірнеше жері қиратылған,
бұдан кейін біраз уақыт қайта тұрғызылмаған.
Тек қана XIII ғ. аяғында – XIV ғ.
басында қамал қабырғалары, мұнаралары
қайта қалпына келтіріле бастады. Қираған тұстары жөнделіп қана қойса, шығысы
мен солтүстік-батыс тіпті, жаңадан, бұрыңғы қабырға үстінен қайта тұрғызылды. Солтүстік-шығыс
және солтүстік-батыс қабырғалары IX-XI ғасырлардағы қарахандықтар кезеңінде болған
қамал орнынан тұрғызылған.
Қала қабырғалары XIII ғ. аяғында
– XIV ғ. басында, моңғол ұлыстарындағы саяси жағдайлардың өзгеруіне байланысты,
қорғанысқа деген қажеттілік қайта туындап, қабырғалар қайта тұрғызыла бастады.
XIV ғ. басында тұрғызылған қорған қабырғалары XVI
ғ. аяғына дейін тұрды. Бұл Отырардың соңғы қорғаныс қамалы еді. Одан кейін қамал
міндетін үйлердің қабырғалары атқара бастады.