ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР ОРАМЫ. Х-ХІІІ ғғ.

 ​​​​   ​  ​Отырардың шахристан аймағындағы ІІІ қазба жұмыстары барысында бес құрылыс қабаты анықталып, осы арқылы бес ғасыр бойғы (негізінен X–XIII ғасырлар) қалалық құрылыс пен тұрмыстың сипаты зерттелді. V горизонт деңгейіне сәйкес келетін ғимараттар 300 шаршы метр аумақта, қазбаның солтүстік бөлігінде ғана аршылды. Бұл жерде үйлер өте тығыз салынған. 
      Зерттеу барысында төрт үй орны табылды. Бұл үйлердің құрылымы дәліз, тұрғын бөлме, қойма, санитарлық бөлме сияқты бөлмелерден тұрады. Интерьер элементтеріне сыпа, тандыр, сандал ошақ, санитарлық ванна және қоқыс салатын орын кіреді. 
      Археологиялық зерттеу нәтижелері мұндағы тұрғын үйлерде арнайы санитарлық бөлмелердің болғанын анықтап берді. Бұл Отырарда қалалық мәдениет пен инфрақұрылымының жоғары болғанының дәлелі. 
      Санитарлық бөлмелердің пайда болуы  қалада тазалық пен тұрмыстық жағдайларға аса үлкен мән берілгендігін, қала  тұрғындарының өмір сүру деңгейі жоғары болғанын, жай ғана баспана емес, ыңғайлы әрі жоспарлы үй құрылысын пайдаланғанын көрсетіп отыр.  Сонымен қатар, сумен жабдықтау, ағын суды шығыр арқылы шығару секілді инфрақұрылымның болғаны сол кезең үшін айтарлықтай озық технологиялық жетістік. 
      Тұрғын жайлардан тазалық бөлмелері, ванналар, сонымен  қатар қоқыс салғыш арнайы орындардың табылуы сол заманғы күнделікті тұрмыстың нақты көрінісін аңғартып тұр. 
      Аталған мәліметтер Отырардың бұл бөлігінде тұрмыстық мәдениеттің, әсіресе X–XIII ғасырлар кезеңіндегі қалалық мәдениеттің заманына сай жоғары деңгейде дамығанын көрсетті. Мұндай өркендеу шығыстанушы профессор Адам Мец сипаттаған «ислам ренессансы» дәуіріне тән мәдени гүлденіспен үндес келеді.