ЖҰМА МЕШІТXIV ғ.

 ​​​​   ​   ​Отырар қаласының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан бұл мешіт XIV ғасырда әйгілі қолбасшы Әмір Темірдің ықпалымен салынған. Жұма мешіті ортағасырлық ислам сәулетінің маңызды үлгілерінің бірі болып саналады. Мешіттің жалпы көлемі – 60х22 м. яғни ортағасырда салынған, қызметтік маңызы жағынан өте ауқымды ғимарат рөлін атқарған.                    Мешіттің архитектуралық құрылымы кіреберіс қақпасы солтүстік-шығыс фасадтың орталық бөлігінде орналасқан. Оның өлшемі – 2,7 х 1,35 м. Қақпа портал қабырғасының негізгі сызығынан алға шығыңқы салынған. Портал қуысының ені шамамен 6 метрге тең. Батыс пилон 1,7 м биіктікте сақталған, ал шығыс пилон толығымен жойылған. Порталдың бұрыштарында диаметрі 2 м болатын ішінде айналма баспалдақтары бар мұнаралар болған. Баспалдақтарға порталдың ішкі жағындағы ені 1 м болатын есік арқылы өткен. Кіреберістің оң жағындағы портал бөлігінде айналма сатының алғашқы төрт басқышы бүгінгі күнге дейін сақталған. 
        Ғимараттың фасадтық композициясын төрт ашық галерея құрайды. Бұл галереялар үш қатарлы етіп орналастырылған, барлығы 30 тіреуден тұрады. Тіреулер шаршы пішінді (өлшемі – 1,35 х 1,35 м), әрбір тіреудің арақашықтығы 3,7 м-ге тең.                  Мешіттің кіреберісінде екі зал орны анықталған. Бұл залдардың төбе жабынына арналған тіреулері бұзылып алынған тек бірінші залдың батыс жағында бір ғана тіреу сақталған. үлкен залда орналасқан михрабтың алдыңғы жағындағы екі тіреу қалдықтарының сақталуы археологиялық тұрғыдан қарағанда біршама жақсы. Жартылай сақталған бұл тіреулердің формасы көп қырлы. Ал михрабтың екі бүйіріндегі  тіреулер шаршы пішіндегі пилонға ұқсас етіп қаланған. 
        Мешіт михрабы орналасқан оңтүстік қабырғада биік табалдырықты есік орны бар. Бұл есік мешіттің артқы жағында орналасқан, қала қамалына жақын тұрған тұрғын үйлерге апаратын көшеге шығады. Мешіттің қабырғаларының қалыңдығы – 1,35 м. Бас фасадтың бұрыштары пилон тәрізді етіп өрілген. 
        Мешіттің архитектуралық безендірілуі ерекше мәнге ие. Зерттеулер нәтижесінде үстіңгі қабаттағы тұрғын жайлардан табылған керамикалық материалдар мешіттің алғашқы сәндік элементтері туралы мағлұмат береді. Михраб қабырғасы мен ішкі бөлмелерден табылған түрлі түсті шыңылтырлы (глазурь) қаптама қыштар, геометриялық және зооморфтық өрнектермен әшекейленген шаршы және тікбұрышты майоликалық тақталар, сондай-ақ терезелерге қойылған керамикалық сәндік торлардың (панжара) табылуы мешіттің бастапқыда сәнді әрі көркем архитектуралық нысан ретінде жобаланғанын аңғартады. 
        Ортағасырлық жазба деректерге сүйенсек, мешіттің құрылысы толығымен аяқталмаған. Әмір Темір Көреген дүние салғаннан кейін құрылыс жұмыстары толығымен тоқтап, жергілікті халық мешіттің құрылыс материалдарын, яғни, құрылыс қыштарын бұзып алып, нысанды тұрғын үйге айналдырған. Бұл жағдай мешіттің тарихи тағдырын және сәулеттік тұтастығын айтарлықтай өзгеріске ұшыратты. 
        Зерттеу нәтижелері мешіттің бастапқыда өте ауқымды әрі көркем архитектуралық кешен ретінде жоспарланғанын көрсетіп отыр. Оның күрделі құрылымдық-жоспарлау жүйесі, сәндік элементтерінің әртүрлілігі және қалалық құрылыммен байланысы нысанды қаладағы ерекше құрылыс ретінде сипаттауға негіз береді. Десек те құрылыс жұмыстарының аяқталмауы және кейінгі тарихи жағдайлар оның сақталуына кері әсер еткен.