Отырардағы XIII–XIV ғасырлардағы құмырашылық шеберханалары күрделі
өндірістік және тұрғын үй құрылымдарынан тұрады. Шеберханаларда саз өңдеу, ыдыс
жасау, күйдіру және кептіру процестері арнайы жабдықталған кеңістіктерде
жүргізілген. Жүргізілген зерттеу жұмысының нәтижесі Отырар құмырашыларының
технологиялық жағынан жетілген, жоғары сапалы көркем керамика өндіргені анықтап
берді.
Отырар қаласының орталығы мен рабадында орналасқан керамика
шеберханаларының зерттелген аумағы 2 гектарды қамтиды. Қазба нәтижесінде екі
құрылыс қабаты анықталған: мұндағы төменгі қабат XIII ғасырға, ал жоғарғы қабат
XIV ғасырдың бірінші жартысына жатады. Зерттеу нәтижесінде 6 шеберхана аршылды.
Олардың бірі толық зерттеліп, оның құрылымына қатысты нақты мәліметтер алынған.
Бұл шеберхананың жалпы аумағы 157 м², оның 89 м² өндірістік мақсатта
пайдаланылған, қалған бөлігі тұрғын үй ретінде қызмет атқарған.
Өндіріс нысаны екі бөлмеден тұрады. Бірінші бөлмеде ағаш тіреулі бастырма,
қыштан жасалған қамба, құдық, су ыдыстары және саз илейтін арнайы алаң
орналасқан. Екінші бөлменің бір жағы ашық, екінші жағы жабық болып келген.
Мұнда саз сақтайтын жәшік, құмырашы шарығы, қол жуатын орын (ташнау) және текше орналасқан.
Бөлменің солтүстік-шығыс
бұрышында екі камералы ошақ орнатылған. Ошақтардың астыңғы от жану камерасы сфера
тәрізді диаметрі 1,6 м, тереңдігі 1,6 м.
Үстіңгі камера дайындалған заттарды жоғары температурада күйдіру
камерасы. Ошақтың құбыры аркалы, қыштан
өрілген.
Шеберханаға жүргізілген
қазба барысында табылған бұйымдардың жасалу стилі мен сылы көркемделуі сол
кездегі керамика шеберлерінің осы өнерді жетік меңгергенін білдіреді.