САҒАНАЛЫ КЕСЕНЕ XV ғ.

 ​​​​   ​   ​​Бердібек сарайының оңтүстік-батыс бұрышынан салынған сағаналы кесененің басты фасады оңтүстік-батысқа, яғни Отырар қалажұртының оңтүстік бөлігінде орналасқан жұма мешітінің ауласына қараған. 
        Порталды ғимарат тобына жататын кесене құрылымы сағана (жер асты қабірхана), зиаратхана (жоғарғы бөлме) және дәліз үш бөліктен тұрады. 
      Кесененің зиаратхана бөлмесінің солтүстік-батыс қабырғасы түгелдей дерлік бұзылып алынған. Ал, солтүстік-шығыс, оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс қабырғалары жарым-жартылай сақталған. Біршама жақсы сақталған оңтүстік-шығыс қабырғаның сақталған биіктігі 0,7 м. Оңтүстік-шығыс қабырғаны аршып тазалау барысында қабырға ортасынан ені 1,2 м келетін терезе орны анықталды. Терезе жақтаулары гипс қосындысы бар сылақпен сыланған. Кесененің зияратхана бөлмесінің екі қапталы мен төргі қабырғаларынан ені 45-50 см келетін зияратшылар отыратын сыпа тектес орын салынған. Зиаратхана еденіне көлемі 25х25х5 см келетін бірыңғай бүтін күйдірілген қыш төселген. 
        Кесененің жерден қазылып жасалған төменгі қабірхана бөлмесіне ұзындығы 2,75 м, ені 0,85 м келетін, жоғарғы жағы аркалы болып келген баспалдақты дәліз арқылы кіретін болған. Қабірхана бөлмесінің жалпы көлемі 3,45х3,45 м. Қабірхананың төменгі жағынан іргетас ретінде 7 қатар, кей жерлерінде 8 қатар қыш қаланып, жоғары қарай төрт қырлы  күмбез арқылы бір-бірімен байланыстырылған. 
       Қабірхана  ішінде  бес адам жерленген. Мәйіттер көмілмеген, қамыс төселген еденге қойылған. Кесененің қаланың орталық бөлігінде орналасуы және құрылысының ерекшелігі  ғимараттың қала элитасына жататын  белгілі бір әулетке тиесілі  екенін аңғартады.