МЕШІТXVI ғ.

 ​​​​   ​   ​XVI ғасырда Шахристан аумағында қайта жаңғыру процесі басталып, бұрын бос жатқан орындарға жаңа құрылыстар салынды. Солардың бірі – орталық төбенің оңтүстігінде орналасқан мешіт. Бұл сәулет ескерткіші ортағасырлық қала мәдениетінің қайта өрлеу кезеңіндегі діни сәулет үлгілерінің бірі ретінде қарастырылады. 
       Мешіттің жалпы ұзындығы қазіргі уақытта толық анықталмағанымен, ені шамамен 15,5 м. Нысанның  кеңістіктік құрылымы дәстүрлі композициялық шешімге сай орындалған: орталық михрабты зал мен оның екі жағынан жапсарласқан қанаттық бөлмелерден тұрады. Бұл – мешітке көпшіліктің кіріп шығуына бейімді жоспарлау шешімі болып табылған.                       Мешіттің басты кеңістігі – орталық намазхана залының көлемі 7х7 м. құрайды. Пропорциялары шағын, жинақы және көркемдік тұрғыдан үйлесімді салынған мешіттің михрабы мен оған жалғасқан бөліктері ганчпен жұқалап сыланған, бұл сол дәуірдегі ішкі көркемдік өңдеудің бір түрі болып табылады. 
       Мешіттің кіреберіс есігі Орта Азиядағы ислам сәулетінде кең таралған салтанатты кіреберіс түрімен, яғни, порталмен ерекшеленген. Портал құрылымы мешіттің әлеуметтік және діни мәнін айқындап, оны қаланың басқа құрылыс нысандарынан даралап тұр. 
       Бұл мешіт XVI ғасырда қалыптасқан исламдық сәулет дәстүрінің жалғасы болып саналады. Сонымен бірге, қалалық құрылыс құрылымында маңызды композициялық рөл атқарғаны белгілі. Құрылыс техникасы мен сәндік тәсілдері ғимараттың өз дәуіріне тән стильдік ерекшелікте болғанын көрсетеді.