ЖАРАҚТЫ ҚАҚПАСЫ. XI-XVII ғғ.

 ​​​​   ​​Отырар қалажұртынан анықталып отырған қаланың күрделі фортификациялық жүйесі болып табылатын «Жарақты қақпасы» шахристан қабырғасының сырт жағынан  күйдірілген кірпішпен қаланған платформаға орналастырылған. Платформаның биіктігі 4,1 м. Қорғаныс жүйесі сыртқы қақпа, қарауылхана бөлмелері мен ішкі қақпа орындарынан тұрады.          Платформаның айналасына терең ор қазылған. Сыртқы қақпа алдынан ор арқылы өтетін көпірдің кірпіштен қаланған тіреуіш қалдықтары сақталған. 
        Археологиялық қазба барысында сыртқы ор ішінен табылған күйген кесек қалдықтары, қарауылхана қабырғаларындағы күйік іздері, Отырардағы әскери қақтығыстар кезінде қақпаның қиратылғандығының нақты археологиялық дәлелі болып табылды. 
       Сонымен бірге қазба барысында ерте кезеңге жататын, яғни,  XI–XII ғасырларға ішкі қақпа орны мен мұнара қалдықтары табылды. Бұл «Жарақты қақпа» кешенінің негізі моңғол шапқыншылығына дейін қаланғанын көрсетеді. 
       Аталған қақпа  XIII ғасырдың басында моңғол шапқыншылығы кезінде қиратылып, XIV ғасырдың басында қайта қалпына келтірілген. Алайда, XVII ғасырда орын алған жоңғар шапқыншылығы кезінде қайтадан қирап, қолданыс қызметі тоқтаған.             Қақпаның «Жарақты» аталуы  Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» еңбегінде кездеседі. Онда Арыстанбаб әулие қабірі «Қабуғ иаруғ»-тың қыбла жағында орналасқаны айтылады. Бұл атаудың қазақша нұсқасы «Жарақты қақпа», яғни, жақсы бекінген қақпа деген мағынаны білдіреді. 
     Нысан 2007-2012 жылдар аралығындағы қазба жұмыстары нәтижесінде толық аршылып,    2014   жылы реконструкция жасалды.