САУДА ҚАТАРЫ, XVII ғ.

 ​​​​   ​    ​​Ортағасырлық Қазақстан қалаларының даму тарихында сауда мен қолөнердің алар орны ерекше. Жібек жолының бойында орналасқан, ірі сауда және мәдени орталығы бола білген Отырар ерте ортағасырдан бастап-ақ Орта Азия мен Шығыс елдерін байланыстыратын маңызды сауда орталығы ретінде танылған. Қалада қолөнершілер, диқандар мен малшылар өз өнімдерін нарыққа шығарып, айырбас сауда жүйесі арқылы тіршілік еткен. Бұл үрдіс XVII ғасырда да өз жалғасын тапқанын археологиялық зерттеулер растайды. 
        Сауда қатарлары тек тауар алмасу орны ғана емес, қалалықтардың әлеуметтік қатынастарын реттейтін, қауымдастық ішіндегі өзара тәуелділікті нығайтатын маңызды қоғамдық кеңістік болған. Мұндай құрылымның болуы қала халқының белгілі бір деңгейде экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізгенін білдіреді. 
        Қалаға кіретін негізгі үш қақпаны біріктіретін магистралды көшелер түйіскен жерде орналасқан алаңқайға жүргізілген қазба жұмысы барысында орталық алаңымен қатар базар қызметін атқарған нысан анықталды. 
        Аталған орынның сауда қатары болғандығын  алаңды жағалай салынған сауда қатарларының қалдықтары мен наубайхана бөлмелері дәлелдей түсті. Наубайханадан  қолдиірмендер, астық сақтайтын ұра орындары табылды. 
        Қазба жұмыстары бұл құрылымдардың тек сауда нүктелері ғана емес, қалалық мәдениеттің дамуына орасан үлес қосқан, тұрмыстық және әлеуметтік қызмет ету орындары екендігін анықтап берді. Бұл Отырардың тек аймақтық емес, халықаралық маңызы бар қала болғандығын аңғартады.