Ортағасырлық қалалық инфрақұрылымның маңызды нысандарының бірі болып
табылатын жер асты су тарту жүйесі. Галерея нысанының жалпы ұзындығы 50 метр, ені
1,5 метр, биіктігі 2 метр. Галерея
арқылы тартылған екі қатар құбырмен моншаға
су жеткізіліп отырған. Жалғамалы құбырлардың диаметрі 20 см шамасында.
Галереяның қаланың су қоймасынан бастау алатын сыртқы бөлігі құлап, тек моншаға
жақын бөлігі бастапқы құрылымда жақсы сақталған.
Нысанға жүргізілген археологиялық зерттеулер су тарту жүйесінің ұзақ уақыт
жұмыс атқарып, уақыт өте келе жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бағыттары өзгертіліп
отырғандығын анықтап берді.
Сондай-ақ, мұндағы қазылған мәдени қабаттар XIV ғасырға дейінгі кезеңге
жатады. Құрылыс қабатынан табылған керамикалық және шыны бұйымдардың басым
көпшілігі Қарахан дәуіріне (X–XIII ғғ.) тән. Бұл дерек галерея мен оған жалғас
монша кешенінің дәл осы кезеңде белсенді пайдаланылғанын дәлелдейді. Монша
кешені өз қызметін тоқтатқаннан кейін, оның аумағы, соның ішінде галерея бөлігі
де мазаратқа айналған. Бұл құбылыс ортағасырлық қала кеңістігіндегі сакралды
және қоғамдық нысандардың трансформациялық сипатын айғақтайды.