Ортағасырда қала құрылысында тек тұрмыстық емес, сонымен қатар,
қоғамдық-мәдени нысандардың бой көтергені белгілі. Солардың бірі – моншалар.
ІХ–ХV ғасырларда монша құрылысы мен гигиеналық мәдениет Шығыс қалаларында,
соның ішінде Отырарда жоғары деңгейде болғандығы археологиялық деректерден
белгілі.
Отырар қалашығындағы ІХ–ХV ғасырларға жататын қоғамдық моншалар – ортағасырдағы
қала мәдениетінің дамуы мен онда мекендеген халықтардың санитарлық-гигиеналық
талаптарға сай өмір сүргендігін көрсетеді. Сонымен қатар моншалардың
құрылысындағы сәулет өнері мен архитектуралық-инженерлік шешімдер сол кезеңдегі
тұрғындардың өмір сүру деңгейінің жоғары болғандығының дәлелі.
ХІІІ–ХV ғасырларға жататын бұл монша кешені он бөлмеден тұрады. Оның ішінде
шешінетін бөлме, тынығуға арналған бөлме және бухана сияқты негізгі
функционалдық бөлмелер бар. Бірқатар бөлмелердің еденінде свастика өрнегімен
безендірілген қыш тақталар төселген.
Монша еден арқылы жылытылған. Жылу ғимараттың батыс бөлігінде орналасқан қазандық арқылы бір
жерден беріліп, еден астындағы от жүретін каналдар арқылы барлық бөлмелерге
таралып отырған. Бұл құрылым монша ішіндегі температураның қалыпты жағдайда болуына мүмкіндік берді.
Моншаға су жеткізу осындағы су қоймасынан жер асты су құбырлары жүзеге
асырылып, лас су кәріз жүйелері арқылы шығарылған.
Отырар рабадына жүргізілген археологиялық қазбалар нәтижесінде осындай үш
қоғамдық моншаның орны анықталды.
Олардың біріншісі қала шахристанының солтүстік-батыс бөлігінде, қорған
қабырғасына жақын орналасқан.
Екіншісі жоғарыда сипатталған ХІІІ–ХV ғасырларға жататын моншаның астында
қалған.