ХАНАКА (XIV ғ. екінші жартысы-XV ғ. ортасы)

 ​​​​   ​​Археологиялық қазба жұмыстары нәтижелері бойынша ғимараттың қызметі екі кезеңнен тұрғандығы дәлелденді. Бірінші кезең монша қызметін атқарған. Анықталған моншаның көлемі 19х23 м. Ол айқыш (крест) пішінді орталық залдан және оны айналдыра орналасқан 5 бөлме мен кіре беріс дәлізден тұрады. 
   Моншаның жылыту жүйесі классикалық үлгідегі гипокаустик.  Гипокаустик жүйесі қазандықтан басталып, булық бөлмеге өткен одан шығып, орталық залға өткен. Осы орталық залдың қалтарыстарының қабырғаларының ортасында жоғары қарай тік шахталар орналасқан. Осы мұржалар арқылы түтін ауаға шыққан және бөлмелердегі ауа температурасы реттеліп отырған. Нысан XIII ғасырдың екінші жартысында салынып, XIV екінші жартысына дейін қызмет атқарған. 
   XIV ғасырдың екінші жартысында ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, ішкі құрылымдары түбегейлі өзгертілген, ғимараттың екінші пайдалану кезеңі басталып ханакаға айналдырылған. 
   XIV ғасырдың басында сопылық ағым барынша дамып, мұсылман қауымында айрықша рөл атқара бастады. Бұл кезеңде Орталық Азияда суфизм саяси институт қызметін атқара бастады. Тариқат басшыларының билеушілерге ықпалы артты. Сол себепті XIV ғасырдан бастап қалаларда сопыларға арнап ханакалар салына бастады. 
   Бұл ханакалардың өзгешелігі дәруіштер тұратын бөлмелері жоқ болды, тек сұхбат құратын, құлшылық ететін бөлмелер ғана болды және қызметшілердің шектеулі штаты ғана болған. 
    Істен шыққан ескі монша ғимаратын ханакаға айналдыру үшін жоспарға өзгерістер енгізіліп, ханакаға тән бөлмелермен толықтырылған. 
   Біріншісі зікірхана бөлмесі. Зікірханада сопылар белгілі кезеңде жиналып, зікір салған және де күнделікті намаз оқитын намазхана ретінде де пайдаланған. 
     Екіншісі шілдехана бөлмелері. Шілдеханада сопылар 40 күнге оқшауланып, құлшылық жасайтын болған.