Этнография залы

 ​​​​     Этнография залы қазақ халқының көшпелі жəне отырықшы мəдениетіндегі тұрмыс-тіршілігін заттай дəйектемелер арқылы көрнекті насихаттауға арналған. Залдың  негізгі  мəтіні  ең  алғаш  1982 жылы  жазылып,  тақырыптық экспозициялық жоспары жасалған болатын. Жоспарды мемлекет  жəне қоғам қайраткері Өзбекəлі Жəнібеков, академик, əдебиеттанушы ғалым Рахманқұл Бердібайұлы, тарих ғылымдарының докторы, этнограф-ғалым Халел Арғынбайұлы, фарабитанушы Ағжан Машанов т.б. ғалымдар жасады. Мұнда ұлтымыздың дəстүрлі мəдениетінің даму биігіне көтерілген кезеңі ХVІІІ–ХХғғ. тəн халықтың тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы, қолөнері мен мəдениеті, білім беру, аңшылық пен саятшылық т.б. кең түрде көрсетілген.                                                                                                         

Мал шаруашылығы

 ​​​​  
     ​ХІХ-ХХ ғасырларда Қазақстанның оңтүстігіндегі қуаң аймақтарды мекендеген тұрақты көшпелі халықтарда мал шаруашылығы өте жақсы дамыды. Шаруашылықтың дамуына аймақтың климаты да қолайлы еді. Қысы жылы, жазы ыстық, шөбі шүйгін болғандықтан елде жұт кем болды. 
    Өңірінде көшпелі мал шаруашылығы маңызды орын алған. Сыр мен Арыстың бойын жайлаған елдер жаз мезгілдерінде жазық жайлауға шығып, қыс мезгілдерінде Сырдария бойының қамысты тоғайларын қыстады. Сыр бойының нулы тоғайы, нар қамысы малға қысқа азық болса, іргелес жатқан құмды дала олардың жазғы жайлауы болды. 
     Мұндағы халық ежелден-ақ қой, ешкі, айыр өркешті түйе, жылқы, сиыр малын өсіруді кәсіп етті. Ішсе асы, кисе киімі, мінсе көлігі болған төрт түлікті қашанда қатты қастерлеп, қасиет тұтқан халық, бұдан мыңдаған жылдар бұрынғы көшпенді ата-бабалары меңгерген малдың терісін, жүнін, сүйегін, мүйізін т.б. өз тұрмыстарына жаратты.