Аңшылық көшпелі ортадағы қосалқы кәсіптің
түрі, негізінен адамзаттың ең көне және ең алғашқы күнкөріс қарекетінің бірі
болғанымен, уақыт өте келе кәсіпке ұласқан. Қазақы жіктеу бойынша, қару мен
сайманның көмегімен аң қағуды «аңшылық» ал, ит пен жыртқыш құстардың көмегімен
аң түсіруді «саятшылық» деп атаған. Аңшылықтың тазымен аң қағу, саят, сонар,
салбурын сияқты түрлері болса, дәстүрлі аңшылықтың тәсілдері сан алуан: құм
қақпан, тас қақпан құру, орға жығу, індету, қысаңға қамап сойылмен ұру, тұзақ,
абақ, атқы, баспа, ау, тор және т.б. қарапайым қол жетімді әдістер болған.
Сонымен қатар бұл тәсілдер үнемі толығып, жетілдіріліп отырғандықтан болар
біразы бүгінгі күнге дейін маңызын жоғалтқан жоқ. Тазы жүгірту, құс салу ұлттық
құндылықтарымыз ретінде жалғасын тауып келеді.
Балық аулау кәсібі – адамдардың шаруашылық
әрекеттерінің ең көне түрінің бірі. Балық аулау кәсібі әуелгі кезде қарапайым
түрде болған: мәселен жағалауларға толқын шығарып тастаған немесе жағалаудан су
қайтқан кезде қалып қойған балықтарды жинап алатын. Бертін келе балықты арнайы
құралмен аулау орын алды. Алғашқы кезде балық аулау кәсібінің құралдары
есебінде: найза, шанышқы, аң тістері мен сүйектерінен, тастан жасалынған ұштық
кигізген гарпундар, қармақтар тағы да басқа табиғи заттар пайдаланылған. Сонымен
бірге қосымша бөгет жасау, тор салу, кәрзеңке қою да балық аулаудың тәсілдері
ретінде қолданылды.
Сыр өзенінің бойын қоныстанған халықтар
негізінен балық аулауда негізінен шанышқы, ау, жайын қармақ кейде қармақты пайдаланды.