XVI–XVII ғасырларда орын алған саяси-әлеуметтік өзгерістер тұрғын үйлердің
құрылымына да әсер еткен. XV ғасырдың бірінші жартысына жататын үйлермен
салыстырғанда тұрғын үйдің сыртқы құрылымы мен ішкі безендірілуінде жаңа үрдіс
пайда болды. Атап айтар болсақ, бір-біріне жапсарласа орамдық үлгіде салынған
үйлер болды. Бір орамдағы тұрғын үйлер саны 6 үйден бастап 20 үйге дейін жетті.
Тұрғын үйлер алдыңғы ғасырлардағы үй үлгілерінен айырмашылығы бар, алайда дәстүрлі
элементтерін де сақтаған. Орамдық үлгіде салынған үйлер өз кезегінде
урбанизация процесінің дамуын және қоғамдық өмірдің тығыз байланысын көрсетеді.
Мысалы, бұрынғы дәстүр бойынша тандыр үйдің төрінде орналастырылса, бұл кезеңде
ол кіре-беріс есікке жақын, ташнау маңына қойыла бастады. Тандырдан шығатын
түтін мұржасы бөлменің бұрышынан, сыпа астымен жүргізіліп, еденді жылыту
жүйесіне айналған. Бұл – сол дәуірдің тұрғындары жылуды үнемдеудің және тиімді
пайдаланудың амалдарын қарастырғанын көрсетеді.
Сонымен бірге, тұрғын үйлердің бұрыштарында азық-түлік, астық сақтауға арналған
ұралар жасалып, астық салуға көзе, құмыра сияқты ыдыстар пайдаланылған. Қабырғаларға
сөрелер орнатылып, тұрмыстық құрал-жабдықтарды жинақтауға арналған жүйелер
енгізілген. Бұл элементтер өз кезегінде тұрғын жайдың функционалдығын
арттырған.
Отырар қаласының XVI–XVII ғасырлардағы тұрғын үйлерінде көрініс тапқан құрылымдық
үрдістер мен ішкі жоспарлаудағы өзгерістер тұрғындардың тұрмыстық жағдайын
жақсартуға бағытталған жетістігі болып табылады. Бұл өзгерістер сонымен қатар,
қала тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен архитектуралық ойлаудың дамуымен
байланысты.